Талас ауданы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Ойық ауылы орта мектебі 23.07.2020 күні өткізілген жиналыстың хаттамасы
Талас ауданы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Ойық ауылы орта мектебінің 10 «А» сынып ата- аналарымен 23.07.2020 күні өткізілген жиналыстың хаттамасы
Сынып жетекшісі : Төлеу Жансая Артыққызы
Тақырыбы: «Отбасы-шағын мемлекет»
Мақсаты: отбасындағы бала тәрбиесінде назарда болатын басты мәселелерді қарастыру, балалардың жазғы демалыс кезіндегі өмір қауіпсіздігін сақтау жолдарын, құқық бұзушылықтың алдын алу туралы және елімізде болып жатқан карантин жағдайына байланысты мектеп оқушыларын жұқпалы вирустардан қорғану жолдарын ата-аналарға түсіндіре отырып, қашықтықтан оқыту қалай жалғасатындығы туралы мағлұмат беру, пікірлесу.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер:
1.Таныстырылым. «Балалар өмірінің қауіпсіздігі және құқық бұзушылықтың алдын алу». Сынып жетекшісі Ж.Төлеу.
2. Ой қорыту. «Балаларға қолдау көрсету-ортақ мүдде»
Тыңдалды:
- Сынып жетекшісі балалардың жаз маусымындағы өмір қауіпсіздігін сақтау-ата-аналардың міндеті екенін айта отырып, суға түсу кезінде, өрт бола қалған жағдайда сақтану шараларын айтып өтті. Сондай ақ, мал бағуға қатысты, малға маусымдық шөп дайындау сияқты жұмыстарда балаларды сақтандырып, тек ата-ана өздері қастарында жүріп қолқанат ету керектігін ескертті.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу,кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр.
Жыл сайын жаз маусымы басталып,оқушылар,студенттер демалысқа шыққанда жасөспірімдердің тәртібін қадағалайтын құқық қорғау органдарының жұмысы екі есе көбейеді.
Қазақстанда заң бойынша кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі сағат 22.00 –ден кейін компьютерлік клубта отыруға және 23.00-ден кейін көшеде ата-анасыз жүруге тыйым салынған.
«Ел болам десең,бесігіңді түзе» деп атам қазақ айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне мән беріп, бос уақыттарында немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Сонымен қатар, әр азаматтың міндеті-заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан өзіне жүктелген міндетін орындау. Заңның ең басты мақсаттарының бірі – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.Заңды білмеу, оны бұзу - жауапкершіліктен құтқармайтынын жас ұрпаққа үнемі түсіндіреміз.
Жарыссөзге шыққан ата-аналар (А.Үрістенова, И.Ратова, Ғ. Базарбаева) балалар өмірінің қауіпсіздігін қадағалап, үй шаруасына өздері бас болып араластыратындарын, пандемия жағдайында денсаулық сақтау шараларын сақтап, үйде отырғандарын айтты. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырулар туралы пікір бөлісті.
Тыңдалды:
Күн тәртібіндегі 2-мәселе бойынша «Балаларға қолдау көрсету-ортақ мүдде» деп ой қорытылды. Сынып жетекшісі қашықтықтан оқытуды тиімді ұйымдастыру-уақыт талабы дей отырып, алдағы 1-тоқсанды қашықтан оқуды жалғастыратынымызды айтты. Осы жағдайға байланысты туындаған өзгерістерге түсіністікпен қарап, мұғалімдермен ынтымақтастықта жұмыс жасап, қолдау көрсетулерін сұранды.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылай келе, ата-аналармен бірлесе отырып, төмендегідей шешімдер шығарылды:
- Жазғы демалыс кезіндегі балалар өмірінің қауіпсіздігі басты назарда болсын;
- 10 «А» сынып оқушыларына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша ата-аналар тарапынан түсіндірулер жүргізілсін;
- 10 «А» сынып оқушыларын қашықтықтан оқыту барысында сынып жетекшісі, пән мұғалімдері және ата-аналар арасындағы кәсіби ықпалдастық байланыс арттырылсын.
Ата-аналар жиналысының төрайымы: Ж.Төлеу
Хатшы: И.Ратова


