Д.А.Қонаев атындағы Ойық ауылы орта мектебі
Мектепке тағзым – ұрпаққа тағылым
Ойық ауылында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған идеяларды іске асыру аясында ұйымдастырылған мектеп түлектерінің керуеніне және Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің 90 жылдық мерейтойына арналған «Мектепке тағзым – ұрпаққа тағылым» атты кездесу кеші өтті. Қара шаңырақтың 90 жылдық мерейтойымен астастырыла өткен іс шараға Д.А.Қонаев атындағы орта мектепті бітіріп, өзінің білімі мен еңбегінің арқасында аудан, облыс көлемінде танымал болған, туған ауылы мен мектебі үшін игілікті іс жасаған түлектер келіп, өз құттықтауларын жеткізді. Керуенді бастап келген аудандық білім бөлімінің басшысы (осы мектеп түлегі) Күлшат Қожатаева өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, шәкірт алғысы ретінде мектепке көрнекті сағат пен қомақты қаржылай сыйлық тарту етті, ал журналист Е.Әбдиев мектеп кітапханасына Н.Қашағановтың шығармалар жинағын сыйлады. Мектептің ардагер ұстаздары мен басқа да келген қонақтар өз құттықтауларын жеткізіп, ыстық ықыластарын білдіріп жатты.
Мәре-сәре қауышулардан кейін, ары қарай мектептің мерейтойы мен келген қонақтарға арналған ұстаздар мен оқушылар ұйымдастырған концерттік бағдарлама өз жалғасын тапты. Кеште қасиетті қара шаңырақ – аяулы мектебімізді бітіріп, елге танымал тұлғаға айналған Нарша Қашағанов пен Зернебек Шілдебайұлының өлеңдері оқылып, туған жерге сіңген өнегелі сөздері еске алынды. Сонымен бірге туған ауылымыздың тарихын біліп, оның әрбір тасына құрметпен қарау мақсатында оқушылардың ғылыми қоғамдық ұйымы ұйымдастырған «Ойық ауылының тарихи ескерткіштері» тақырыбында ғылыми жоба таныстырылды. Үш тұғырлы тіл саясаты – жастарды жарқын болашаққа бастар жолы екендігін түсінеген оқушылар еліміздің тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктері туралы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінің маңызын қалай түсінгендіктері туралы үш тілде сыр-сұхбат жасады. Сондай-ақ мектептің танымал түлектері республиканың түкпір-түкпірінен видеоқұттықтаулар жіберіп, мектебіміздің мерейін асқақтата түссе, әсем әундер, шарықтаған күйлер кештің әсерін арттыра түсті.
Мектеп мерейтойы мектеп ұжымы, оқушылар мен түлектер үшін айтулы мереке болып, естен кетпестей әсер қалдырды. Осы орайда мен де өзімнің мектебіме арнаған ыстық лебізімді білдіргім келіп отыр.
Киелі Ордам!
Бағдар алып, биіктейсің белеске,
Болмас сені «Киелі Орда» демеске.
Киелі Ордам, сендегі әрбір күнімнің,
Өмірімде алар орны ерекше.
Барша жанға жақсылық қып бүгінде,
Тереңдеді біз беретін білім де.
Сонда дағы шыға берсін өзіңнен,
Небір дүлдүл, ғалымдар да түбінде.
Мектебіммен айқындалған арманым,
Жылдарыңда өшпейтұғын бар мәнің.
Тоқсан жылдық құрметіңе мен сенің,
Тағзым етіп, өлеңімді арнадым!