ДІНМҰХАМЕД АХМЕТҰЛЫ ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ ОЙЫҚ АУЫЛЫ ОРТА МЕКТЕБІ ӘЛІМХАНОВ ҒЫЛЫМ ЖОЛТАЙҰЛЫНЫҢ 2021 ЖЫЛДЫҢ 24 ҚАРАША КҮНГІ "ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІ" АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІ
«Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы
Талас ауданының білім бөлімі
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы Ойық ауылы орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры
Әлімханов Ғылым Жолтайұлының
2021 жылдың 24 қараша күнгі
«Қамқоршылық кеңесі» алдындағы есебі
Құрметті қамқоршылық кеңес мүшелері, төрағасы және ата- аналар!
Бүгінгі есеп беру жиналысына Ойық ауылдық округінің әкімшілік қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының Талас аудандық филиалының Ойық ауылдық бастауыш партия ұйымының өкілдері, Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мектеп ата-аналар комитетінің төрағасы, әр сыныптың ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп директорының орынбасарлары мен сынып жетекшілер қатысып отыр.
Құрметті шақырылған қонақтар, әріптестер!
Қамқоршылық кеңес- қоғамның білім саласын басқаруға қатысу формаларының бірі. Бұл білім саласын, не болмаса нақты бір білім беру мекемесін дамытуға мүдделі адамдарды ерікті негізде біріктіретін мемлекеттік емес, коммерциялық емес, қоғамдық ұйым.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №355 бұйрығына (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 2 сәуірдегі № 123 бұйрығымен өзгерістер енгізілген) және "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес құрылған қамқоршылық кеңестің құрамы өзгертілді..
Б.Бидайбеков – Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, ата-аналар комитетінің мүшесі;
Қ.Әлібаев– Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары, ата-ана;
П.Рахыманбердіұлы - Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ақсақалдар кеңесінің төрағасы;
Ж.Молдабеков – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі;
П.Мелдебеков – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі;
А. Қалаубекова – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ата-ана;
Г.Тілеубердиева – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ата-ана;
Қ.Ошақбаев – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ата-ана;
Ғ. Айдарбеков – Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, ата-ана:
Қазақ Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде жолдаған «ХАЛЫҚ БІРЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛІ РЕФОРМАЛАР- ЕЛ ӨРКЕНДЕУІНІҢ БЕРІК НЕГІЗІ» тақырыбындағы жолдауында «Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады. Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет» деп елімізде қызмет етіп жүрген әрбір ұстаздың алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұрғанын атап көрсетті.
Үкіметке тапсырма ретінде берілген білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетулердің жақсаруы, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз. Бүгінгі мектеп оқушылары– ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастар. Білім мен тәрбиенің өркендеуі- өркениетіміздің өнегелі өлшемі. Ұстаздардың мәртебесін асқақтататын өлшемдердің бірі– саналы ұрпақ өсіріп, сапалы білім мен тәрбие беру. Осы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда мектеп ұжымы аянбай еңбек етіп келеді.
Биылғы оқу жылын біз дайындық сыныптарымен қоса алғанда 332 оқушымен бастадық. І тоқсан қорытындысы бойынша 2-11 сыныптар арасындағы 279 оқушының 56-сы (20%) оқу үздігі болса, 109 оқушы (39%) оқу екпіндісі болып, жалпы 59% білім сапасын көрсетіп отырмыз. Білім сапасын көтеру жолында әдістемелік жұмыстардың тиімді ұйымдастырылуы мен мұғалімдердің ізденісін арттыратын боламыз.
Жұмыс атқарып жүрген мұғалімдердің сапалық құрамына тоқталсам:
Жалпы мұғалімдер саны | Педагог-зерттеуші | Педагог- сарапшы | Педагог-модератор | Жоғары | Бірінші | Екінші | Санаты жоқ |
38 | 15 | 10 | 5 | 1 | 0 | 1 | 6 |
Былтырғы оқу жылы мектеп ұжымы, оқушылары үшін табысты жылдардың бірі болды. 11 сыныпты аяқтаған 24 оқушы мемлекеттік қорытынды аттестаудан өтті, барлығы ЖОБ туралы «Аттестат» иеленді. Соның ішінде 4 оқушы «Алтын белгіге» ие болды. Олар: Қосалы Әлихан, Қалқабек Алтай, Әнуарбек Аружан, Алғабас Жанат. Мектепті бітірген 24 оқушы түгел ҰБТ-ге қатысты. Орташа балл- 87,9 құрап, аудан мектептері арасында 1 орынды иелендік. 24 оқушының 22-і мемлекеттік ЖОО түсіп, 19 грант иегері атанды. 1 оқушы арнаулы оқу орыны колледжге оқуға түсті.
Мұғалімдер арасынан:
Игенбай Жандос- республикалық математика пәні бойынша қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының І орын иегері атанды.
Иргеева Айтолқын- республикалық физика пәні бойынша қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының І орын иегері атанды.
Тасжүрек Самат- республикалық математика пәні бойынша қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІ орын иегері атанды.
Жексен Нұрдаулет- республикалық математика пәні бойынша қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІ орын иегері атанды.
Жақыпова Оразкүл- республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІІ орын иегері атанды.
Бошаева Мереке- республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының І орын иегері атанды.
Алмабаева Асылай- республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІ орын иегері атанды.
Нуридін Әсел- республикалық ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІ орын иегері атанды.
Қосжанова Толқын- республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІ орын иегері атанды.
Жұманазарова Толқын- республикалық бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық (КИО) интернет олимпиадасының ІІІ орын иегері атанды.
Оқушылар арасынан:
Облыстық «Ақберен» байқауында Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша 11 сынып оқушысы Қосалы Алихан І орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алды.
2020-2021 оқу жылы республикалық «Абай әлемі» байқауында 8 сынып оқушылары Бармеш Аружан мен Жұман Асылан аудандық, облыстық кезеңнен І орын алып, республикалық кезеңде Аружан ІІ орын, Аслан «алғыс хатқа» ие болды.
2020-2021 оқу жылында республикалық жас тарихшылардың «Менің кіші Отаным» байқауында Қосалы Алихан ІІ орынға ие болды.
2020-2021 оқу жылында 7 сынып оқушысы Тұрар Ақнұр аудандық «Менің Отаныма-менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауының бас жүлде, облыстық «Менің Отаныма-менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауының І орын, республикалық «Менің Отаныма- менің бастамам» шығармашылық жобалар байқауының ІІ орын иегері атанды.
Рахманқұл Спандияр- республикалық “қызықты математика және логика” олимпиадасында ІІІ орын иеленді.
Керімбек Серіжан- республикалық “Ақбота” интеллектуалдық марафонында ІІ орын иеленді.
Керімбек Шапағат- республикалық “Ақбота” интеллектуалдық марафонында ІІІ орын иеленді.
Сонымен қатар кең ауқымды Республикалық «Мектепке жол» акциясы жыл бойына үздіксіз өткізіліп тұрады. Акция барысында рейдтер жүргізілді. Оқу жасындағы балаларды түгел оқуға қамтылуын қамтамасыз ету және жағдайын анықтау мақсатында ауылдық әкімшілік, құқық қорғау органдары, ата-аналар, мектеп мұғалімдері бірлесе отырып, рейдтік топтар жұмыстар жүргізді.
Рейд барысында мектеп жасындағы оқымайтын балалардың жоқ екені анықталды. Мектепте оқитын- 303 оқушы, олардың ішінде қамқоршылыққа алынған оқушы жоқ, таза жетім бала жоқ, жартылай жетім - 8 оқушы, материалдық жағдайы аз қамтылған оқушылар саны - 17 оқушы және көпбалалы отбасы балалары - 204 оқушы анықталып, акт жасалынды.
Мектепте 19 сынып комплектісі бар, олардың барлығының әлеуметтік паспорты және хал жағдайын анықтау актісі жасалынды. Оқушыларға «Мектепке жол», акциясы барысында ауылдың жеке кәсіпкерлері, шаруақожалық басшылары мен мектеп мұғалімдерінің демеушілігімен әртүрлі киім-кешек, оқу-құралдары түрінде көмектер көрсетілді. «Мектепке жол» дәстүрлі жыл сайынғы республикалық акциясы барысында демеушілікпен жиналған 48000 теңге қаражатқа алынған киім-кешек, мектеп құралдары төмендегі 5 балаға таратылып берілді.
№ | Оқушылардың аты-жөні | Сыныбы | Әлеуметтік жағдайы | Алған әлеуметтік көмегі | Бағасы | |
Бюджет | Бюджеттен тыс | |||||
1 | Қалмахамбет Алинұр | 1А | Аз қамтылған | шалбар, жемпір, кофта, сөмке | 17550 | |
2 | Нуман Дастан | 3А | Жалғыз басты ананың балалары | Аяқ киім | 5100 | |
3 | Әбілжан Шапағат | 6Ә | Көп балалы | сөмке | 5350 | |
4 | Абилхан Аслан | 7А | Көп балалы | Аяқ киім | 5000 | |
5 | Құрақбай Гүлқанат | 3Ә | Аз қамтылған | Мектеп формасы,сөмке, аяқ киім | 15000 | |
Барлығы: | 48000 |
Сонымен қатар аудандық білім бөлімінің сұранысы бойынша мектебімізден 115 оқушы сараланып, іріктеліп және тізім жасалынып, аудандық білім бөлімі тарапынан осы оқушылардың әрқайсысының ата-аналарының жеке есеп шотына 32500 теңге көлемінде қаражат түсті. Олда болса ата-аналарымызға жаңа оқу жылында көмек болды.
Әлеуметтік жағдайы аз қамтылған оқушыларға жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен 115 оқушы бір мезгіл тегін ыстық тамақпен қамтылған және барлық оқушылардың әлеуметтік жағдайлары анықталып акт жасалынды.
Оқушылардың күнделікті өмірі, бос уақытынжүйелі түрде ұйымдастырылуын ескеріп мектепте спорттық, қол өнер, робототехника, ағылшын, орыс тілдерінің үйірмелеріжұмыс істейді. Оқушылардың әлеуметтенуі үлкендерге қарағанда ерекше жүреді және оның дамуындағы психологиялық ерекшеліктерін ескеруіміз қажет. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – бүгінгі мектеп қабырғасында отырған бүлдіршіндер екені мәлім. Олардың қамын ойлау баршамыздың парызымыз, соңғы екі жылдан бері мектепте«МӘҢГІЛІК ЕЛ» тәрбие беру орталығы құрылып,жұмыс жасауда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқушылар арасында насихаттауға байланысты іс шаралар жоспары жасалынып, іске асыруда. Жоспарға байланысты оқушылармен бірге туған жер, Отан тарихын, туған ауыл тарихын, елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмірін үлгі етіп, оларды рухани адамгершілікеке тәрбиелейтін іс шаралар өтілуде.
Спандияр Көбеев «Еңбек тәрбиесіне баса назар аудару керек. Еңбекке тәрбиелемей тұрып, балаға дұрыс тәрбие бердім деп айту екі талай» деген екен. «Өзгені ойлаған-адамдықтың белгісі» дегендей, ауылдағы Ұлы Отан соғысы ардагеріне және жалғыз басты қарияларға, ардагер ұстаздарға мектебіміздің оқушылары тарапынан көмектер ұйымдастырылып отырады.
Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрінің Бала құқығын қорғау комитетінің тапсырмасы бойынша мектептің тәрбие орталығының жетекшілігімен «ХХІ ғасырдағы Қазақстандық ата-ана: Өз балаңа үлгі бол» тақырыбында ата-аналар конференциялары өткізілді.Ата-аналарға отбасылық тәрбие стиліне жеке-жеке тоқталып, анықтама берілді. Ата-аналарға отбасында балалармен бірігіп жұмыс жасау, отбасылық махаббат сыйлау, отбасылық құндылықтар беру, әр отбасында өзіндік отбасылық дәстүрлер болуы керектігі айтылып, слайдтар мен арнайы көрсетілімдер таныстырылды. Өз балаңа үлгі болуға тәрбие стильдерінің жағымдысын ұстансақ, балаларымыз жалғыздықты сезінбейтін, мейірімді, ашушаң емес болып өседі деген қорытынды жасалды.
Мектептегі берілетін тәрбиенің бір бөлігі оқушыларға құқықтық тәрбие беру: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын-алу және құқық бұзушылықпен күресуде көмек көрсетуде Талас АІІБ-нің ЖПҚ ЮПТ-мен бірлесе отырып қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу мақсатында бірлескен іс-шаралар жоспары жасалып бекітілген. Мектебімізде «Полицияның жас көмекшілері Тобы» құрылды. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жүйелі түрде іс-шаралар, сауалнамалар, тәрбие сағаттары, рейдтер және құқық айлығы жүргізу жоспарланған.
«Мәңгілік ел» тәрбие орталығында жүйелі және нәтижелі жұмысының барысында соңғы екі жыл көлемінде мектеп ережесін сақтамайтын, тәртібі қадағалауды қажет ететін, мектепішілік есепте тұрған, сабақтан себепсіз 10 күннен астам қалатын, діни ағымдарға ілескен, мектеп формасын сақтамайтын білім алушылар жоқ.
«Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген қағиданы қорыта айтқанда, біртұтас ұлт тәрбиесі – ұлт болашағы. Еліміздің болашағы – жас ұрпақ. Отбасында баланың жан дүниесін руханилыққа тәрбиелеген абзал. Отбасында ата-ананың ықыласына бөленіп, тәрбие көріп өскен бала балабақшада да мектепте де өз ісіне жауап бере алады.Отбасымыздың жемісі, алтын тіреуі мен діңгегі – бала. Бала – біздің болашағымыз, сондықтан да бала тәрбиесін қолға алуды ата-ана борышым деп, ал біз міндетім деп бірге ат салыссақ, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болады деп ойлаймын.
"Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді" деп дана халқымыз бекер айтпаса керек, мектеп ұжымы мен қамқоршылық кеңес құрамы бірлесе атқаруға тиісті жұмыстарымызға алдағы уақытта да сәттілік тілеймін.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!
